1111111111111111

Бауыржан Абдубаитов: Футбол немқұрайлықты кешірмейді

«Ордабасы» президенті Бауыржан Абдубаитов Prosports.kz сайтына берген сұхбатында биылғы маусым, клубтың алдағы жоспары және қаржылық жағдайы жайлы айтып берді.

– Бауыржан Тойшыбекұлы, маусым аяқталуына екі тур ғана қалды. «Ордабасы» жақын қарсыласынан алты ұпай алда келеді. Осыны ескерсек, Шымкентті тарихтағы алғашқы чемпиондығымен құттықтай берсек бола ма?

– Иә, биыл тарихта тұңғыш чемпиондығымызды алуға мүмкіндігіміз бар. Бірақ нақты айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Командаға босаңсуға болмайды. Өздеріңіз білетіндей, футбол немқұрайлылықты кешірмейді.

– «Ордабасы» Қазақстан Кубогы финалында «Тобылға» қарсы ойнайды. Кейбір басылым «Ордабасы» финалда бар күшін салып ойнайтынына сенбейді…

– Әрине, біздің міндетіміз – Кубокты жеңіп алу. Сондықтан босаңсу жайлы әңгіме де жоқ. Кубокты беруді ойламаймыз. Бұл трофей де тарихта қалады. Кез келген команда Кубокты жеңіп алуды армандайды.

– Кейінгі кезде бас бапкер Александр Седнев қызметінен кетеді деген сыбыс жанкүйерлер арасында айтылып жүр. Бұған қоса, Беларусь маманына отанында сұраныс бар. Бұл дегеніміз жаңа маусымда жаңа бапкер көреміз деген сөз бе?

– Біліумше, Александр Седнев бұл сұраққа БАҚ беттерінде жауап берген. Қазір оның бар ойы тек  «Ордабасыда» екені сөзсіз. Ол үшін чемпион атанып, Кубокты жеңіп алу аса маңызды.

– Команда капитаны Асхат Тағыбергенмен келісімшарт мерзімі ұзартылуы мүмкін. Тағы қай ойыншыларды келер маусымда командадан көреміз?

– Әрине, негізгі құрамды сақтап, кейбір позицияларды нығайтуды жоспарлап отырмыз. Өйткені келер жылы Чемпиондар лигасында өнер көрсетеміз. Ал ол жақта өздеріңіз білетіндей, талап өте жоғары.

Қазіргі уақытта кім кетеді, кім қалады деген сұраққа жауап беру ерте. Десе де бір ойлағанымыз бар. Дәл қазір команда, басшылық құрам чемпионатты сәтті аяқтап, Кубок финалында ойнауды ғана ойлап отыр. Маусым аяқталмай ештеңе шешілмейді. 

 – Жақында БАҚ беттерінде Қазақстан клубтарының бюджеті жарияланды. Жанкүйерлер «Ордабасы» клубына мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлінгеніне түсініспеушілік танытты. Бұған не айта аласыз?

– Кейбір адамдар не түсінбейді, не жағдайды білмейді. Өздеріңіз білетіндей, «Ордабасыға» келгенімде, бес миллиардтан астам қарызы болған. Клубты жағдайы мүшкіл еді. Команданы сақтап қалғанымызға қуаныштымын. Тек сақтап қалмай, 11 жыл үзілістен кейін Қазақстан Кубогын жеңіп алдық. 

Ескі қарызға келер болсақ, айлық, қоғамдық салық секілді қарыздарды жаптық. Бюджеттің басым бөлігі қарызды жабуға кеткенін түсіну керек. Егер ол қарыздан құтылмасақ, чемпионатқа қатыса алмайтын едік. Өйткені ФИФА тарапынан бан болды.

Comments are closed.