«Ордабасы» ФК президенті Асхат Сейсембек клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында команданың алдағы жоспары жайлы айтты:
— Ұлттық құрама ойындарына байланысты екі апталық үзіліс болады. Сол уақытта біз міндетті түрде жанкүйерлермен кездесу өткізетін боламыз. Нақты уақытты 2 күн алдын жариялаймыз. Кездесуде олардың ой-пікірлерін тыңдап, алдағы уақытта бірге жұмыс жасаймыз!
Қысқа мерзімді мақсат – чемпиондықты қорғау. Чемпионат өте қызық, кестеде тартысты жүріп жатыр. Әрине, Чемпиондар лигасында ел намысын қорғай отырып, біздің міндетіміз – жақсы өнер көрсетіп, еурокубоктардың бірінде топтық кезеңге өту. Бұл қазіргі кездегі басты міндеттер. Біз балалар мен жасөспірімдер орталығын дамытып, клубтық жүйеде жергілікті ойыншылардың қатарын көбейтуіміз керек. Бұл қысқа мерзімді міндеттер.
Ал ұзақ мерзімді перспективада, әрине, инфрақұрылымдық және стратегиялық шешімдерді қабылдау қажет, әрине, мұның барлығын қала басшылығымен келісе отырып. Біздің мақсатымыз — әрқашан ашық болу, біз жанкүйерлермен және мүдделі тараптармен де байланысамыз.